Әдеп қағидалары

«Механика және технологиялар» журналының редакциялық саясаты, мақала жариялаудағы әдеп қағидалары, рецензиялау мен плагиатқа тексеру тәртібі және т.б. «Мерзімді ғылыми басылымдар туралы ереже» («М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті» КЕАҚ ректорының 19.11.2020 ж. №152 бұйрығымен бекітілген) құжатына сәйкес жүргізіледі.

Сонымен қатар, «Механика және технологиялар» журналының редакциясы Жарияланымдар әдебі бойынша комитет (COPE) белгілеген әдеп қағидаларын ұстануға міндеттенеді. Бұл туралы толығырақ https://publicationethics.org/ ресми сайтынан білуге болады.

Сондай-ақ, COPE әдеп қағидаларымен мына сілтеме арқылы тікелей журнал сайтынан танысуға да болады.

«Механика және технологиялар» журналының авторлары, рецензенттері мен редакциялық алқа мүшелері мақала дайындау, бағалау және сараптама жасау барысында ғылыми әдеп қағидаттарына сай келмейтін мынадай теріс пиғылды фактілерге жол бермеулері тиіс:

1) Авторлар орындамаған және нәтижесін алмаған зерттеулердің (теориялық, эксперименттік және т.б.) нәтижелерін жариялауға ұсыну;

2) Зерттеу нәтижелерін қасақана бұрмалау немесе ғылыми деректердің анықтығына әсер ететін ақпаратты жасыру;

3) Өзге авторлардың ғылыми нәтижелерін иемдену немесе ғылыми идеяларын тиісті сілтемесіз беру;

4) Зерттеу жүргізуге және ғылыми мақала дайындауға үлесі жоқ тұлғаларды авторлар құрамына енгізу;

5) Ғылыми мақаланы елеулі сапалық және сандық өзгеріссіз немесе қосымша ғылыми нәтижелерді пайдаланбай, өзге атаумен қайта жариялау;

6) Журналдың, сондай-ақ редакциялық алқа мүшелерінің беделі мен мәртебесіне теріс ықпал ететін материалдарды ұсыну;

7) Редакциялық алқа мүшелерінің өзінің немесе өзі жетекшілік ететін шәкірттерінің (студенттер, магистранттар, докторанттар) мақалаларына рецензия беру;

8) Жарияланым авторларының құрамын бұрмалау;

9) Жалған ғылыми материалдарды ұсыну;

10) Ғылыми мақаланы басқа авторлармен келіспей және редакциялық алқаның рұқсатынсыз басқа басылымға беру;

11) Мақала материалдарын үшінші тұлғаларға тарату;

12) Авторлық құқықтарды және редакциялық үрдістердің құпиялық қағидатын бұзу;

13) Қолжазбаларда дәйексөздерді бұрмалау және плагиат;

14) Мақаланы дайындау кезінде жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып алынған нәтижелерді қасақана жасыру және олардың авторлығын өзіне иемдену (пайдаланылған ЖИ құралдарына тиісті сілтемелердің болмауы);

15) Мақала жариялаудағы ғылыми мүдделер қақтығысы.

Аталған фактілер (немесе олардың біреуі) анықталған жағдайда олар ғылыми мақаланың ресми рецензиясында көрсетіледі. Жариялауға дейін анықталған теріс пиғылды фактілер жойылуы қажет немесе түзетілуі тиіс. Түзетілмеген жағдайда мақаланы  жариялаудан бас тартылады. Ғылыми әдеп қағидаларына қатысты мақаланы жариялаудан бас тарту шешімі бас редактордың қолы қойылған жазбаша түсініктеме ретінде беріледі. Жарияланып қойған мақалада әдеп қағидаларының бұзылғандығы анықталған жағдайда, редакциялық алқа тиісті негіздеме жасау арқылы оларды теріске шығарып, журнал сандарының бірінде ресми кешірім сұрауы тиіс. 

 

Авторлар құқығы 

«Механика және технологиялар» журналына мақала ұсынатын авторлар мынадай құқықтарға ие:

- өзінің немесе әріптестерінің қатысуымен жасалған зерттеу жұмыстарының нәтижелері баяндалған мақалалар ұсынуға;

-  ұсынған мақаланың авторлық құқықтарын қорғауға;

- мақала бойынша редакциялық сараптама барысы туралы ақпарат алуға;

- мақаланы қабылдау туралы шешім шыққанға дейін оны жариялаудан бас тартуға;

- редакциядан мақала дайындау және оны редакция сайтына онлайн жүктеу талаптарын алуға;

- жарияланған мақаланың көшірмесін алуға құқылы.

 

Автордың міндеттері

«Механика және технологиялар» журналына мақала ұсынған авторға редакция алдында келесідей міндеттер жүктеледі:

- редакцияға ұсынылатын мақаланы журнал талаптарына толық сәйкестендіру;

- бұрын жарияланған немесе басқа журналдарға ұсынылған мақалаларды редакцияға жібермеу;

- мақала дайындау барысында әдеп қағидаларын сақтау;

- мақалада қолданылған материалдарға, қолданылған жасанды интеллекет құралдарына сілтемелер беру;

- мақаладағы дәйектердің, нәтижелердің, фактілердің дұрыстығына кепілдік беру;

- мақаланы редакциялық сараптау барысында қажетті мәліметтер беру және талаптарды орындау;

- сараптау нәтижесінде мақалада анықталған кемшіліктерді түзету;

- мақаланы электрондық сайт арқылы онлайн ұсыну және хат алмасу;

- қабылданған мақалаларды жариялау ақысын төлеу және төлем түбіртектерінің көшірмесін редакцияға жіберу;

- жарияланған мақаланы электрондық сайттан өз бетінше жүктеп алу;

- журналдың әр санына 2 мақаладан артық ұсынбау.

 

Рецензенттің құқықтары мен жауапкершілігі

«Механика және технологиялар» журналының рецензенті келесі құқықтарға ие:

- рецензияға ұсынылатын мақаланың электрондық нұсқасын алу (авторлары көрсетілмеген);

- рецензия нысанын алу;

- рецензияны 14 күн мерзім ішінде дайындау;

- өзінің зерттеу бағыты мақала мазмұнымен сәйкес келмеген жағдайда рецензия беруден бас тарту;

- рецензия нәтижесінде кемшіліктері анықталған мақаланың түзетілген нұсқасын алу.

Рецензенттің жауапкершіліктері төмендегідей:

- рецензияға ұсынылған мақаланы бөгде тараптарға таратпау;

- мақаладағы материалдарды өз мүддесіне пайдаланбау;

- рецензияны сапалы, дәйекті және объективті дайындау;

- рецензияны белгіленген мерзімнен кешіктірмей редакцияға ұсыну;

- рецензияның электрондық нұсқасын редакцияға сайт арқылы тапсыру;

- мақалада анықталған кемшіліктерді түзету бойынша ұсыныстар беру.

 

Редакциялық алқа мүшесінің құқықтары мен міндеттері

«Механика және технологиялар» журналының редакциялық алқа мүшесінің құқықтары мен міндеттері төмендегідей:

- журналдың жауапты бағыттары бойынша ғылыми мақалаларды қарау және оларды сараптап бағалау;

- мақалаларды рецензиялау үшін ғалымдар мен мамандарды тарту;

- «жасырын» рецензиялау үшін рецензенттер базасын қалыптастыруға және жаңартуға қатысу;

- ғылыми ұжымдар мен ғалымдар арасында журналды насихаттау;

- ұжымдық шешім шығару үшін мақаланы рецензиялау бойынша сұрақтар әзірлеу және ұсыну;

- редакциялық алқа жұмысына қатысу және журнал сапасын жақсарту бойынша ұсыныстар дайындау.

 

Редакция маманының құқықтары мен міндеттері

«Механика және технологиялар» журналының маманына (шығаруға жауапты тұлғаға) мынадай құқықтар мен жауапкершілік жүктеледі:

- мақала авторларымен іскерлік хат алмасу;

- мақаланы рецензиялау және журналды дайындау мәселелері бойынша бас редактормен және редакциялық алқа мүшелерімен өзара әрекеттесу;

- журнал сандарын шығару мәселелері бойынша «Dulaty University» баспасымен қарым-қатынас жасау;

- журналдың электрондық сайтын ақпаратпен толықтыру;

- ғылыми мақалаларды жинау және талдау, оларды рецензенттерге беру;

- мақалаларда көшіру фактілерін (плагиат) анықтау үшін тексеру жүргізу;

- мақаланың рәсімделуін қолданыстағы стандарттар (бұйрықтар, ережелер, нұсқаулықтар және т.б.) талаптарына сәйкестігін бақылау;

- журналдың кезекті санын дайындау;

- журнал санының электрондық нұсқасын жасау және оларды журнал сайтына орналастыру;

- мақалалардың метадеректерін дайындау және олардың электрондық нұсқаларын дерекқорларға, оның ішінде халықаралық базаларға жіберу;

- журнал санының шығу мерзімдерін бақылау;

- мақалаларды көшіру фактілерін анықтау үшін жүргізілген тексеру анықтамалары мен жариялауға қабылданған ғылыми мақалаларға берілген рецензиялардың электрондық нұсқаларын сақтау.

 

Бас редактордың құқықтары мен міндеттері

«Механика және технологиялар» журналының Бас редакторының құқықтары мен міндеттері:

- редакциялық алқаның қызметіне басшылық жасау;

- редакциялық алқаның сапалық және сандық құрамын айқындау;

- ғылыми мақалаларды «жасырын» рецензиялау үшін рецензенттер базасын қалыптастыру;

- мемлекеттік органдарда, қоғамдық ұйымдарда, баспасөзде, түрлі ғылыми форумдарда, конференцияларда және т.б. редакция алқасы мен ғылыми журналдың мүдделерін қорғау;

- журналдың әрбір санының жобасын қарау және оны баспаға беруге рұқсат ету;

- журнал санына енгізілетін ғылыми мақалалардың сапасын бақылау;

- журнал қызметі бойынша авторлармен, редакциялық алқа мүшелерімен және редакция қызметімен байланысты басқа да тұлғалармен іскерлік хат алмасу;

 - журнал мазмұнының сапасына, тақырыптық бағыты мен шығарылу мерзіміне жауапты болу;

- журналға сілтеме жасалуын жақсарту, оның имиджі мен ғылыми ортада танылуын жетілдіру бойынша іс-шараларды әзірлеу және іске асыру.

 

Loading...