Генеративті ЖИ қолдану
Мақаланы дайындау кезінде генеративті жасанды интеллект (чат-боттар) қолданылған жағдайда (әдебиеттерге шолу, зерттеу жоспарын дайындау, мақала құрылымын құру, мәтінді аудару және редакциялау, жүргізілген зерттеулерді бағалау) автор бұл туралы мақалада «Материалдар мен әдістер» бөлімінде хабарлауға және тиісті сілтемелер беруге міндетті. Генеративті ЖИ қолданылғаны туралы қысқаша мәлімет «Аңдатпа» бөлімінде де көрсетілуі керек. «Әдебиеттер тізімі» бөлімінде тиісті сілтеме беріліп, ол қолданылған технологияның, өндірушінің (құқық иеленушінің) атауын, нұсқаларын, жүгіну және қолдану мерзімдерін, пайдалану себептері мен көлемін (үлесін), сондай-ақ нәтиже алынған сұраулардың сипаттамасын қамтуы тиіс. Автор чат-ботқа қойылған сұрақ пен оның берген жауабы көрсетілген чат экранының суретін мақалаға қосымша ұсынуы тиіс. ЖИ құралдарын пайдалана отырып жасалған және өңделген фотолары, графиктері, диаграммалары, суреттері, кестелері бар мақалалар қабылданбайды.
Мақала жазу кезінде генеративті ЖИ құралдарын қолданатын авторлар жариялау этикасының принциптері мен ережелерін қатаң сақтауы керек. Бұл жағдайда авторлар чат-боттардың адамға тән сыни ойлау қабілеті жоқ екенін түсінуі керек, деректерді талдауда олардың қателесуі мүмкін екенін, ақпаратты шамадан тыс "жалпылама өңдеп" беретінін, сондай-ақ ақиқаттан алшақ болса да сенімді жауаптар ойлап тауып беретінін ескеруі керек. Сондықтан автор жасанды интеллект құралдарына толық үміт артпауы керек, мұндай тәуекелдер бар екенін мойындай отырып, олардың салдарын ескергені жөн. Өз мақаласының мазмұнына, соның ішінде ЖИ құралының көмегімен алынған нәтижелерге қатысты жауапкершілік автордың өзіне жүктелетінін ескеруі керек, осыған орай, жариялау этикасын бұзған жағдайда толық жауапкершілік түбегейлі автордың өзіне артылатынын білгені жөн. Бұл мәселеге қатысты журнал редакциясының көзқарасы Жарияланымдар этикасы комитеті (COPE) белгілеген әдеп қағидаларына сәйкес келеді.
Мақала авторлары генеративті ЖИ арқылы алынған ақпаратты сенімді, қауіпсіз және әдеп нормаларына сай пайдалануы қажет. Ол үшін автор мақалада ғылыми зерттеудің қай кезеңдерінде және ЖИ технологиясы қалай қолданылғанын түсіндіріп, алынған нәтижелердің дұрыстығын тексеру, өңдеу және түсіндіру әдістері мен тәсілдерінің сипаттамасын баяндауы керек.
Мұндай мәліметтер көрсетілмеген жағдайда бұл автордың мақалада жасанды интеллект технологияларын қолдану фактілерінің жоқтығын растайтындығын куәландырады. Егер ЖИ құралдарын пайдалану фактілері анықталған кезде және ол туралы мақалада тиісті сілтемелер болмаған жағдайда, жариялау этикасы қағидаттарын қасақана бұзғаны үшін сараптаудың кез келген кезеңінде мақаланы жариялаудан түбегейлі бас тартылады.