Рецензиялау

Журнал мақалаларын рецензиялау түрі – қос тарапқа да жасырын, яғни автор да, рецензия беруші де бірін-бірі білмейді. Ол үшін рецензентке жіберілетін мақаланың электрондық файлында автор туралы мәлімет өшіріледі. Ал авторға (қажет болған жағдайда) рецензент туралы ақпарат көрсетілмеген рецензия файлы жіберіледі.

«Механика және технологиялар» журналына жариялау үшін тек рецензенттер мен редакция алқасы мүшелерінің оң пікірін алған мақалалар ғана қабылданады. Мақалар екі кезеңмен рецензиядан өтеді.

Бірінші кезеңде мақала ғылыми бағыттары мақаланың тақырыбы мен мазмұнына сәйкес келетін 1-2 тәуелсіз ғалымға рецензияға жіберіледі.

Рецензент редакция ұсынған нысан бойынша рецензия толтырады. Рецензияда мақаланың өзектілігі, зерттеу әдістемесінің сипаттамасы, ғылыми жаңалығы, тәжірибелік құндылығы, баяндалу сапасы және пікір берушінің шешімі (қабылдау немесе қабылдамау) көрсетіледі.

Рецензия компьютерде теріледі және мәтін көлемі 1-2 бетті құрайды. Рецензенттің мақаланы қарау ұзақтығы 14 күннен аспауы тиіс. Дайын рецензияның электрондық нұсқасы электрондық сайт көмегімен редакция маманына жолданады.

Рецензент мақаланы жариялауға ұсынған жағдайда мақала келесі тексеру кезеңіне өтеді. Егер рецензияда кемшіліктер көрсетілген болса, оларды түзету үшін мақала авторға кері қайтарылады. Рецензент мақала туралы теріс пікір білдірген жағдайда мақаланы жариялаудан бас тарту шешімі бас редактордың қолы қойылған жазбаша түсініктеме ретінде авторға жіберіледі.

 Рецензиядан өткен мақала екінші кезеңде ғылыми бағытына байланысты редакция алқасының бір мүшесіне жолданады. Ол мақаланы қарастырып, журнал талаптарына сәйкестігін анықтайды және жариялауға (немесе кері қайтаруға) ұсынады. Редакциялық алқа мүшесінің пікірі теріс болған жағдайда, мақала авторларға пысықтауға қайтарылады немесе жариялаудан бас тартылады. Редакциялық алқа мүшесінің мақаланы қарау ұзақтығы 7 күннен аспауы тиіс.

Тексерудің барлық кезеңдерінен өткен (оң пікір алынған) мақала журналдың кезекті санына енгізу үшін қабылданады. 

 

Рецензенттер ретінде басылымның редакция алқасы құрамына кірмейтін, ғылым докторы немесе кандидаты (PhD докторы) дәрежелері бар отандық ғалымдар, сонымен қатар Scopus және Web of Science халықаралық дерекқорларға енген басылымдарда жарияланған мақалалары бар шетелдік мамандар тартылады (Ресей һ-3, Малайзия һ-7, Венгрия һ-7, Өзбекстан һ-3 және т.б.).

 

Мәлімет үшін: 2023 жылдың қорытындысы бойынша редакциялық тексеріс жүргізілген мақалалар саны төмендегідей:

- редакцияға келіп түскен мақалалар саны – 113;

- жарияланған мақалалар саны (түзетілгенімен қоса есептегенде) – 81;

- қабылданбаған мақалалар саны – 32.

 

Loading...